Арбаиген аулы

 

Ауылдың Арбаиген болып аталуы туралы түрлі деректер көп. Бір

мәліметте:Типан Шынтаев деген адам алғаш рет арбаның дөңгелегін иіп арба жасаған деседі. Содан «Арба иген» деген сөзден шықты  дейді.

Әрине, Арбаиген атауы сөзсіз ағаш шеберлігіне байланысты шыққан.

Біріншіден ауыл қарағай орманның ішінде тұр және қазақ ертеден арба, шана жасайтын адамдарды «ағаштан арба иеді екен», «ағаштан шана иеді екен деп сөйлеген.

Арбаиген осы аудандағы қазақ ауылдарының бірі. Бұл ауыл да қазақ даласында болып өткен барлық қоғамдық-саяси өзгерістерді бастан кешкен. 1920 жылдары осы ауылда тұңғыш артель ТОЗ (товарищеское общество земледелие) құрылады. Оның басшысы болған – Садық Уәлиев деген адам екен.

Ауылдың қоныс тепкен жері – далалы, қарағайлы. Табиғаты осы өңірге тән, қысы суық, аязды, жазы аптап болғанмен, шаруа ыңғайлы, малға жайлы жер. Кеңестік дәуірде мал шаруашылығы өркендеп,дамыған уақытта айналадағы қоныстардың бәрі жазда жайлау, қыста қыстау болған.

Ауыл айналасындағы шағын қоныстарды кейін Арбаиген ауылына қосу жоспарланады. Оның бірі - Қарашілік мекені, ауылдың күншығысында 5-6 шақырым жерде. Шілікті ағаштар көп өседі. Бұл жерді кезінде Уақ, Қаржас аталарының ұрпақтары қоныстанған.

Қызылту қонысы-ауылдың солтүстік-шығыс жағында 16-17 шақырым жерде, бұл араны Қаракесек ұрпақтары жайлаған.

Бөрібай қонысы-ауылдың күншығыс жағында 15-16 шақырым жерде. Бұл жерді Уақ руының Қалманбет атасының ұрпақтары көбірек жайлаған.

Келдіқыз қонысы-ауылдан 2-3 шақырым жерде, бұл араны Жыланды деп те атайды. Аты айтып тұрғандай, жыланы көп болған жер.

Тайкүйген қонысы –ауылдан 9 шақырымдай жерде талы,қайыңы көп, шөбі шүйгін жер. Бір замандарда үлкен өрт болып, бір тай от ішінде қалса керек. Содан Тайкүйген атанып кеткен.Уақ руының Бидалы ұрпақтары тұрған.

Ұялы қонысы- ауылдан 15 шақырым жерде, талы қалың өседі.

Талдың басына құстар  ұя көп салғандықтан Ұялы деп атанып кеткен.

Бөлек қонысы - ауылдан 5-6 шақырым жерде аты айтып тұрғандай бір топ қарағай бөлек     өсіп тұр. Кезінде Мақаш деген кісі көп жылдар шопан болып сол жерде тұрған екен.

Сарықамыс қонысы - ауылдан 9-10 шақырым жерде орналасқан. Үлкен қамысты жер, таукелер әулеті тұрған. Осындай кіші ауылдардың басын біріктіріп, сол кезде серіктестік құрған екен.

Белгілі діндар Тіленшіұлы Ғабдул-Уахит хазірет осы өңірдің тумасы. Арбаиген ауылынан 15 шақырым жерде жерленген. Бұл кісіні ел іші Уахит хазірет деп атайды. Сүйегі - Уақ – Бидалы. 2012 жылы басына үлкен кесене көтерілді. Төменде ол кісі  жайлы әңгімелей жатамыз.

 

                    Арбаиген ауланан шыққан аты белгілі адамдар

 

1.    Әбілов Шахимардан – ҚР Еңбек сіңірген әртісі, профессор, академик.

2.    Уақов Әркен –техника ғылымдарының кандидаты.

3.    Намазбаева Жамилә- педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, академик.

4.    Кунапина Құтжан - педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, академик.

5.    Капенов Уақап - педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, академик.

6.    Кунапина Қайыркен –тарих ғылымдарының кандидаты, профессор, академик.

7.    Нұрғалиева Ақмарал - педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор, академик.

8.    Шакаманова Рыскүл - филолгия ғылымдарының кандидаты, профессор.

 

 Негманова Р. Ауданның арғы тарихы / Р.Негманова //Ақбеттау. – 2019. - №4. – Б. 19-20